Еуропа мен Орталық Азия арасында ортақ құқықтық кеңістік құруға жәрдемдесу және адам құқықтарын қорғауды күшейту
Еуропаның (континенттік) және Орталық Азияның құқықтық жүйелерінің тарихы ортақ негізден бастау алатындықтан, олар көптеген жағынан ұқсас болып қалуда. Осы Іс-шараның стратегиялық мақсаты еуропалық және халықаралық стандарттар негізінде Еуропа мен Орталық Азия арасында ортақ құқықтық кеңістік құру ісіне бастама жасау болып табылады. Бұл іс-шара екі қосымша құрамдастан тұрады: Еуропа Кеңесінің конвенциялары туралы хабардарлықты арттыру және білім беру арқылы адам құқықтарын қорғауды күшейту. Соңғы құрамдас Еуропа Кеңесінің адам құқықтары саласында заңгерлерге білім беру бағдарламасының (HELP) шеңберінде жүзеге асырылады.
Еуропа Кеңесінің конвенциялары адам құқықтарын, демократияны және құқықтың үстемдігін нығайтуға және жалпы еуропалық деңгейде және одан тыс жерлерде ортақ құқықтық кеңістік құруға жәрдемдесетін басты қайнар көз деп саналады. Сондықтан Орталық Азиядағы ұлттық билік органдары мен азаматтық қоғам субъектілерінің конвенциялар жүйесін терең түсінуіне және тиімді жүзеге асыруына жәрдемдесудің маңызы зор. Жұмыстың шеңберінде және әр серіктестің мұқтаждықтары мен басымдықтарына қарай аймақтық және ұлттық деңгейлерде мынадай іс-шаралар ұйымдастырылады:
- заңнамаға шолу жасау және баға беру;
- ұсыныстамалар мен жарияланымдарды дайындау;
- әріптестердің пікір алмасуы, конференциялар, семинарлар, жұмыс топтары және т.б.